Жұлдыз Сүлейменова: Білім сапасы мен шәкірттердің жетістіктері — басты назарда
Аппараттық жиын ҚР Оқу-ағарту министрінің төрағалығымен облыстық білім басқармаларының басшыларымен өтті. Жиын барысында өңірлердегі білім сапасын арттыру және инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды. Министр Жұлдыз Сүлейменова аймақтардағы білім сапасының көрсеткіштерін сараптап, кейбір облыстардың артта қалуына қатысты сыни пікірлерін білдірді.
Сандық көрсеткіштерді тоқтату қажет
Министр өңірлердегі білім сапасын арттыру бойынша жаңа жобалар мен педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары туралы баяндамаларын тыңдады. Алайда, ол "сандық көрсеткіштерді қуалауды" тоқтату қажеттігін атап өтті. "Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет", – деді Сүлейменова.
Педагогтер мен мектеп директорларының тапшылығы
Сала менеджерлерінің және білікті кадрлардың тапшылығы мектептегі білім сапасына теріс әсер етуде. Мектеп директорларының басқарушылық дағдыларының төмендігі білім жүйесінің сапасына ықпал етеді. Қазіргі уақытта елімізде 490 мектеп директорының лауазымы бос тұр, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында директорлардың жетіспеушілігі байқалады.
Педагогтардың кәсіби бағалау нәтижелері де алаңдатарлық. Мұғалімдердің 52,62%-ы шекті деңгейден өтпеген, төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында байқалады. Министрлік білім беру саласындағы ақпараттық платформалардың әр алуандығы мен деректердің шашыраңқылығын жою үшін жүйелі шаралар қабылдауда.
Сүлейменова инклюзияға қатысты да маңызды пікір білдірді. Оның айтуынша, инклюзия — бұл тек кабинет ашу емес, ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуіне шынайы қолдау көрсетуі тиіс. Жиынның соңында министр өңірлік білім беру басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалу мерзімдерін бекітті.