Оралда «Қауіпсіз өңір» жобасының нәтижелері
Орал қаласында өткен форумда «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» тақырыбы талқыланды. Жиынды облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы жүргізді, оған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, Парламент депутаттары, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау, білім беру салаларының және атқарушы құрылымдардың өкілдері, жастар қатысты. Форум барысында Орал қаласында орнатылған 300 заманауи камераның жұмысы таныстырылды.
Бейнебақылау жүйесінің тиімділігі
Аналитикалық мүмкіндіктері бар камералар 225 нүктеде орнатылған, жалпы ұзындығы 116 шақырым жер асты желісі жүргізілді. Жасанды интеллект функциясы бар құрылғылар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алуға, іздеуде жүрген күдіктілерді табуға көмектеседі. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жобаның алғашқы нәтижелерін оң бағалап, жұмыс жүйелі жалғасатынына сенім білдірді.
Ауыл тұрғындарының рөлі
Форумда ауыл тұрғындарының «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету ісіндегі игі бастамалары да атап өтілді. Мәселен, өңірдегі 23 елді мекен алкоголь өнімдерінен бас тартты, нәтижесінде былтыр 9 ауылдық округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Депутаттар «Қауіпсіз өңір» жобасын өзге облыстарға үлгі ретінде ұсыну қажеттілігін атап өтті.
Соңында тараптар биылғы іс-шараларды бірлесе атқару бойынша ортақ келісімге қол қойды. Аталмыш жобаның жүзеге асуына атсалысқан ауыл әкімдері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.







