Жастардың рухани кемелдігі: Діни сауаттылық пен радикализмге қарсы күрес
Атырау университетінде жастардың діни сауаттылығын арттыру және радикализмге қарсы күрес тақырыбында кездесу өтті. Бұл шара Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – студент жастарға деструктивтік діни ағымдардың зияны мен зайырлылық қағидаттарын түсіндіру.
Іс-шараны "Жәрдем-Атырау" корпоративтік қорының директоры орынбасары Құбышев Мейірбек Ғайнеденұлы ашып, қатысушыларды шараның мақсаты мен маңыздылығымен таныстырды. Ол жастардың діни және ұлттық құндылықтарды дұрыс қабылдауының қажеттілігін атап өтті. Кездесуге деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, Атырау облысы Дін істері басқармасының заңгері және "Жусан" операциясымен елге оралған азаматша қатысты.
Деструктивтік ағымдардың зияны
Теолог Думан Асқарұлы деструктивтік діни ағымдардың жастарға тигізетін зиянын және олардың арбау тәсілдерін түсіндірді. Ол дәстүрлі ислам мен радикалды идеологияның айырмашылығын нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар, жастарға діни ақпаратты тек сенімді дереккөздерден алу керектігін ескертті.
Заңгер Бейбіт Берікұлы діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін заңнамалық негіздерге тоқталды. Ол жастарға діни бірлестіктердің қызметі мен құқықтық жауапкершілігін түсіндіріп, заңсыз діни әрекеттерге қатысудың салдарын атап өтті. Самал Амангелдіқызы зайырлылық ұғымының мәнін ашып, оның қоғамдағы тұрақтылықты сақтау рөліне назар аударды.
Кездесу соңында қатысушыларға арнайы бейнеролик ұсынылды. Студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Бұл шара жастардың діни сауаттылығын арттыру мен радикализмге қарсы күрес бағытында маңызды қадам болды.
