Демалысқа шыққан қызметкерлердің құқықтары: төлемдер мен міндеттемелер
Жыл сайынғы еңбек демалысынан шақыртып алынған қызметкерлерге қандай төлемдер тиесілі? Бұл сұраққа жауап беру үшін еңбек кодексіне жүгінейік.
Демалыстан шақыртып алу ҚР Еңбек кодексінің 95-бабымен реттеледі. Өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан шақыртып алу тек қызметкердің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Қызметкер шақыртып алуға келіспеуге құқылы, бұл еңбек тәртібін бұзу болып саналмайды.
Шақыртып алу туралы бұйрықта жұмыс беруші қызметкерді айдың белгілі бір күнінен бастап шақыртып алатынын және пайдаланылмаған демалыс күндерін беру мүмкіндіктерін көрсетеді.
Пайдаланылмаған ақылы демалыс бөлігін қызметкер мынандай жолдармен пайдалана алады:
- ағымдағы жылдың ішінде;
- келесі жылдың ішінде;
- осы күндерді келесі жылғы ақылы демалысқа қосу арқылы;
- демалыс алу құқығынсыз өтемақы төлеу арқылы.
Егер қызметкер демалыс ақысын алып қойған соң шақыртып алынса, тараптардың келісімі бойынша пайдаланылмаған демалыс бөлігі жыл ішінде пайдаланылатын болса, қайта есептеу жүргізілмейді. Бұл демалыс күндері болашақта төленбейді, өйткені ол күндер үшін демалыс ақысы бұрын төленген.
Басқа нұсқа: пайдаланылмаған демалыс бөлігін басқа уақытта берудің орнына, қызметкердің жазбаша келісімі негізінде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс күндері үшін өтемақы төлейді (ҚР ЕК 95-бабы 3-тармағы).
ҚР ЕК 115-бабына сәйкес, қызметкерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан шақыртып алу жағдайында өтемақы төленсе, демалыс кезеңіне берілген демалыс ақысы қызметкердің жалақысынан ұсталып қалмайды.
Демалыс ақысы орташа күндік жалақыдан есептеледі, яғни демалысқа дейінгі 12 айда есептелген табыстардың сомасы, нақты жұмыс істеген күндер санына бөлінеді.
Қызметкерді жыл сайынғы демалыстан шақыртып алу кезінде демалыс ақысына қайта есептеу жүргізіледі. Шақыртып алу күнінен бастап демалыс аяқталған күнге дейін «сторно» жасалады. Сол уақыт үшін пайдаланылмаған демалысқа өтемақы есептеледі.
Өтемақы есептеу Біріңғай орташа жалақыны есептеу ережелеріне сәйкес, тиісті кезең үшін орташа күндік (сағаттық) жалақыдан, нақты жұмыс істеген уақыт үшін жүргізіледі. Орташа күндік жалақыны есептеу кезінде тұрақты сипаттағы үстемақылар мен қосымша ақылар, сыйлықақылар және басқа ынталандыру төлемдері ескеріледі, ал тұрақты емес сипаттағы төлемдер ескерілмейді.
Осылайша, демалысқа шыққан, бірақ кейін шақыртып алынған және пайдаланылмаған күндерді ағымдағы жылы пайдалануды жоспарламайтын қызметкер мынадай төлемдерді алады:
- демалыс ақысы (тек фактілі пайдаланылған демалыс күндері үшін);
- өтемақы (пайдаланылмаған демалыс күндері үшін);
- шақыртып алу күнінен бастап ай соңына дейін нақты жұмыс істеген күндері үшін жалақы.