ЖТС сомасы теріс: ипотека бойынша шегерім алған қызметкерлерге не істеу керек?
ҚР резиденті жеке тұлғалар тұрғын үй жағдайларын жақсарту іс-шаралары үшін ипотека бойынша сыйақыларға шегерім жасауға құқылы.
Маңызды: 01.01.2025 ж. бастап ипотека бойынша сыйақыға шегерім жасау құқығы Қазақстандағы кез келген банкте ипотекасы бар тұлғаларға берілді (ҚР СК 351-бабы 1-тармағы).
Егер қызметкер Отбасы банкіндегі ипотека бойынша шегерім жасау туралы өтініш беріп, ЖТС есептеу кезінде сома теріс болып шықса, не істеу керек?
ҚР СК 351-бабының 2-тармағына сәйкес, қызметкердің жалақысы сыйақы төлеуге кеткен шығындар сомасына тең болса, ол сомаға ЖТС салынбайды. Бірақ лимит 118 АЕК-тен аспауы тиіс.
Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін қажетті құжаттар:
- тұрғын үй жағдайларын жақсарту іс-шараларын жүргізуге арналған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
- сыйақы сомасы бөлек көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
- аталған қарыз бойынша сыйақыны өтеуді растайтын құжат;
- қызметкердің шегерімді қолдану туралы өтініші.
Ай сайын қызметкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кезекті төлемнің төленгенін растайтын банк құжаттарының көшірмелерін жұмыс берушінің бухгалтериясына тапсыруға міндетті.
Салықтық шегерім сомасы тек сыйақы мөлшерінде болады, бірақ 118 АЕК лимитінен аспауы тиіс. Бұл соманы ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесімен салыстыру қажет.
ҚР СК 351-бабының 4-тармағына сәйкес, салықтық шегерімдер мына даталардың ең кешіне сәйкес келетін салықтық кезеңде қолданылады:
- ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесіне сәйкес сыйақыны өтеу күні;
- сыйақыны төлеу күні.
Сыйақылар бойынша шегерімді қолданғаннан кейін ЖТС сомасы теріс болуы мүмкін. Себебі – салыстырмалы түрде төмен жалақының басқа шегерімдермен (14 АЕК, МЗЖ, МӘМС, 882 АЕК) және ипотекалық қарыз бойынша сыйақы сомасының жоғарылығымен бірге қолданылуы.
Мысал: қызметкердің айлық жалақысы – 200 000 тг. Ол ай сайын банкке 27 000 тг сыйақы төлейтін ипотекалық қарыз шарты бойынша құжат тапсырды. Сондай-ақ, қызметкер бұған дейін 14 АЕК стандартты шегерім және бала мүгедек болғандықтан 882 АЕК шегерімін қолдану туралы өтініш берген. Қызметкер жеңілдетілген режимдегі ЖШС-де жұмыс істейді.
ЖТС есептеу:
Көрсеткіш | Сома (тг) |
---|---|
Жалақы | 200 000 |
МЗЖ (10%) | 20 000 |
МӘМС (2%) | 4 000 |
ЖТС бойынша салық салынатын табыс теріс мәнде шығады:
(200 000 – 20 000 – (14 × 3 932) – (882 × 3 932) – 4 000 – 27 000) = 200 000 – 20 000 – 55 048 – 3 468 024 – 4 000 – 27 000 = – 3 374 072 тг.
Бұл жағдайда салықтық шегерімдердің артығы пайда болады. Оны бір күнтізбелік жылдың шегінде келесі салық кезеңдеріне ауыстыруға болады.